Қант диабетін емдеу Қазақстандағы барлық пациенттер үшін қолжетімді болып қала береді
stock.adobe.com
Әлеуметтік желілерде қант диабетімен ауыратын адамдар медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай қалады деген мазасыз ақпарат тарап жатыр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, аталған науқастарға қажетті ем толық көлемде қолжетімді болып қала беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Қазақстанда қант диабеті диагнозымен 535 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Олардың қатарында 5 625 бала бар. Барлық пациенттер қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады.
Мемлекет бір пациентті емдеуге жылына 618 теңгеден 6,5 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсайды. Жалпы есептегенде, бұл салаға жыл сайын шамамен 46 миллиард теңге бөлінеді.
Қант диабетімен ауыратын барлық азаматтарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және сұраныстың артуын жабу мақсатында 2025 жылдың қаңтарынан бастап бұл бағыттағы қамтамасыз ету Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл тәсіл тұрақты әрі уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда қант диабетімен ауыратын науқастардың 96%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған. Ал балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар азаматтар және өзге де әлеуметтік осал топтар үшін жарналарды мемлекет төлейді.
Қант диабетіне қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектердің тізімі де қайта қаралып, тиімділігі дәлелденген заманауи препараттар ғана қалдырылды. Атап айтқанда, жаңа буын инсулині — деглудек енді барлық пациенттерге, соның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға да қолжетімді болады.
Қант диабеті – еліміздегі мыңдаған адамның өміріне әсер ететін созылмалы дерт. Осыған байланысты мемлекет бұл мәселені әрдайым ерекше бақылауда ұстайды.