KZ
Өскемен
-10°
туман жел 1 м/с, ОБ
502.27 597.15 6.57

Әскери психологиялық іріктеу күшейтілді: 470 бозбала қызметтен босатылды

Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігі
6.08.2025, 18:30 217 Жанаргүл Көкенайқызы

Қазақстанда әскерге шақырылушыларды іріктеудің жаңаша тәсілі енгізіліп жатыр. Енді психоэмоционалдық тұрақсыздығы бар, суицидке бейім жастар әскерге алынбайды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Арнайы әзірленген PSY-тәуекел әдістемесі көктемгі әскерге шақыру кезінде сынақтан өтіп, оң нәтиже көрсеткен. Соның арқасында 470-тен астам бозбалада суицидке бейімділік белгілері ерте анықталып, олар әскери қызметке жіберілмей, қосымша тексеруден өтті.

– Бұл жаңа жүйе психикалық жай-күйі әскери ортаға сәйкес келмейтін жастарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы біз әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуды көздейміз, – дейді Қорғаныс министрлігінің подполковнигі Арман Қалышев.

Жаңа тәсіл бірнеше кезеңнен тұрады: бастапқы скрининг, терең психологиялық зерттеу және қажет болса психиатриялық тексеріс. Яғни, жастың психологиялық тұрақтылығы толық зерделенеді.

Мәселе жуырда Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өткен жиында да көтерілді. Жұмыс тобына Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, сондай-ақ арнайы қызметтердің мамандары қатысқан.

Арман Қалышевтың айтуынша, бастама Үкіметтің тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр және болашақта бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі.

– Бұл жүйе тек жеке адамның қауіпсіздігі үшін емес, бүкіл әскери ұжымның амандығы мен моральдық ахуалы үшін де маңызды, – дейді подполковник.

Мамандардың сөзінше, PSY-тәуекел әдісі әскерге іріктеуді анағұрлым сапалы етіп, жас сарбаздардың психологиялық саулығын сақтауда маңызды рөл атқармақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу