ШҚО мен Маңғыстаудағы әуежай құрылысы қалай жүзеге асуда?
depositphotos.com
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет елдің туристік әлеуетін толық ашу үшін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі сияқты курорттық аймақтарды дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Бұл бағыттағы басты қадам – сапалы жолдармен қатар заманауи әуежайлар салу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда жаңа әуе айлақтарын орналастыруға арналған орындар анықталды.
-
Зайсандағы әуежай – Сәтбай ауылының маңында, қала орталығынан 25 шақырым жерде, Зайсан көлінің жанындағы бұрынғы әскери әуеайлақ аумағында бой көтермек.
-
Катонқарағай ауданында – әуежай Белқарағай ауылының маңында, демалыс аймағынан 27 шақырым жерде салынады.
-
Кендірліде – әуе айлағы курорттық аумақтың дәл қасында, Каспий жағалауынан небәрі 15 шақырым жерде орналасады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жерлердің барлығы да қолайлы деп танылған. Себебі ауа райы мен жер бедері талапқа сай, ұшақтарды екі бағыттан қабылдауға мүмкіндік береді, әрі болашақта кеңейтуге жағдай бар.
Әуежай құрылысы үшін Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары әкімдіктері қажетті жер телімдерін бөліп берді. Мердігер компаниялар дайындық жұмыстарын бастап кетті: құрылыс материалдары жеткізілді, шамамен 250 техника мен мамандар жұмылдырылды. Қазіргі таңда уақытша инфрақұрылым салынып, бейнебақылау орнатылып, ұшу-қону жолағының негізі жасалуда.
Жоба жүзеге асқан жағдайда бұл өңірлерге қатынау әлдеқайда жеңілдейді. Жаңа әуежайлар туристер мен инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, курорттық аймақтарды тартымды етіп, жергілікті экономиканың дамуына да серпін береді.