Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау жылу көздері ерекше бақылауда – Премьер-министр
Үкімет
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қаралды. Жиында министрлер мен бірнеше облыс әкімдері есеп берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Үкімет басшысы бірқатар өңірде қысқа дайындық бойынша өңірлік штабтардың жұмысы мардымсыз екенін атап өтті.
Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларындағы энергия көздері ерекше бақылауда болады.
Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріндегі жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау, сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік мазутты жеткізу кестесін бекіту міндеттелді.
Сонымен қатар «Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірлесіп көмір мен мазутты бекітілген кестеге сәйкес жеткізу және халықтың көмірмен қамтамасыз етілуін бақылау тапсырылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қорының қысқа толық әзірлігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл мәселені Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бақылауда ұстамақ.