Жылу маусымына дайындық барысында проблема туындап жатыр
Фото: primeminister.kz
Премьер-Министр Әлихан Смайылов алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылары қатысты.
Үкімет басшысы дайындық жұмыстарының барысында өте мұқият қарауды қажет ететін проблемалық мәселелер туындағанын айтты. Дәл қазір бірқатар нысанда жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жүріп жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр жылу беру маусымына дайындық мәселелері үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан қазірден бастап ірі апаттардың алдын алып, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.
Үкімет басшысы бірінші вице-премьер Роман Склярға және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жеке бақылау үшін республиканың энергетикалық нысандарын тексеруді тапсырды.
«Роман Васильевич, бүгінде сіз кесте бойынша Павлодар облысының энергетикалық нысандарын, оның ішінде Екібастұз ЖЭО-сын тексеруіңіз керек. Кеңес аяқталғаннан кейін тез арада жолға шығуыңызды сұраймын. Келесі аптада Алмасадам Майданұлы Риддер және Кентау ЖЭО-ларына барады», – деп түйіндеді Премьер-Министр.