Қазақстаннан Ресейге көшіп барған орыс қызын мектепке қабылдамай жатыр: емтихан тапсыруға тиіс
stock.adobe.com
Қазақстаннан ата-анасымен бірге қоныс аудару бағдарламасы аясында Ресейдің Свердлов облысындағы Верхняя Пышма қаласына көшіп барған қыз бала жергілікті мектепке қабылданбай отыр. Мектепке қабылдану үшін оған орыс тілінен емтихан тапсыру қажет болып тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ura.ru агенттігіне сілтеме жасап.
Баланың анасы Людмиланың айтуынша, олар орыс отбасы, қызы Қазақстанда орыс мектебінде оқыған және өзге ешбір тілді білмейді. Алайда заң бойынша оларды да мигранттар қатарына қосып, қызына міндетті емтихан тапсыру талабын қойған.
Отбасы шілде айында Верхняя Пышма қаласына қоныстанған. Әйелдің сөзінше, бастапқыда қызын тұрғылықты мекенжай бойынша мектепке тіркеуден бас тартқан. Кейін білім бөлімі арқылы үйге жақын орналасқан басқа мектепке тіркеліпті. Ол үшін барлық құжатты рәсімдеп, тапсырған. Дегенмен бұл жеткіліксіз болып шықты, қыз бала мектепке бару үшін алдымен орыс тілінен емтихан тапсыруға тиіс.
Мәселенің қиындығы – емтихан айына бір-ақ рет өткізіледі. Қыз оны 20 қыркүйекте ғана тапсыра алады, одан кейін нәтижесін біраз уақыт күту керек.
Әйелдің айтуынша, мектеп әкімшілігі олармен байланыс орнатудан бас тартқан, мұғалімімен, сынып жетекшісімен таныстырмаған. Сондықтан қазір қызымен жұмыстан кейін анасының өзі айналысып жүр.
1 сәуірден бастап Ресейде мектепке қабылданғысы келетін мигранттарға арналған міндетті емтихан енгізілген. Ереже бойынша бұл емтиханда оқушы 10%-дан артық қате жібермеуге тиіс. Мәселен, бірінші сыныпқа түсетіндер үшін 10 тапсырманың біреуінен ғана қате жіберуге рұқсат етіледі. Қайта тапсыру мүмкіндігі тек үш айдан кейін беріледі.
URA.RU тілшісі Свердлов облысының ақпараттық саясат департаментіне жүгініп, орыстілді оқушыдан не себепті орыс тілінен емтихан тапсыру талап етіліп отырғандарын түсіндіруді сұраған. Әзірше ресми жауап берілмепті.