Қазақстанда борышкерлерді «Цифрлық бақылау» жүйесі арқылы анықтау басталды
depositphotos.com
Қазақстанда борышкерлерді іздестірудің жаңа мүмкіндіктері іске қосылды. Әділет министрлігі, Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы және Бас прокуратураның бірлескен жұмысы нәтижесінде «Цифрлық бақылау» жүйесі кеңейтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енді қарызын төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды тек қала көшелері мен қоғамдық орындарда ғана емес, әуежайларда, теміржол және метро нысандарында, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда да анықтау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ борышкерлерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтер алу кезінде немесе әуе мен теміржол билеттерін сатып алу барысында бет-бейне сәйкестендіру арқылы табуға болады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылдың қаңтарынан бастап іздеуде жүрген борышкерлер саны 4 560 адамды құрады. Оның ішінде 2 118 адамның тұрғылықты мекенжайы анықталды. Жалпы анықтау көрсеткіші – 39,3%.
Сонымен қатар, жүйе арқылы сот шешімдерімен пайдалануға тыйым салынған автокөліктерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қалалық бейнебақылау камералары мен жасанды интеллект құралдары арқылы табылған көліктер полиция қатысуымен тоқтатылып, арнайы тұрақтарға жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар өндіріп алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған.