Жеке куәлікті онлайн ауыстыруға болады: eGov.kz пен eGov Mobile арқылы
Фото: gov.kz
2025 жылдың маусымынан бастап азаматтар жеке куәлікті онлайн түрде қайта рәсімдей алады. Қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда цифрландыру саласында тағы бір маңызды қадам жасалды. Енді азаматтар жеке куәлігін үйден шықпай-ақ онлайн түрде ауыстыра алады. Құжатты қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба eGov.kz электрондық үкімет порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында іске қосылды. Жоба Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асты.
Қызметті алу үшін портал немесе мобильді қосымша арқылы авторизациядан өтіп, қажетті қызмет түрін таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Содан кейін пайдаланушы өтінімді тиісті мәліметтермен толтырып, оны қол қою әдісінің бірі арқылы растайды және мемлекеттік баж салығын банк қосымшасы арқылы төлейді. Мобильді қосымшада өтінімді растау Face ID немесе Touch ID арқылы жүзеге асады.
Айта кету керек, бұл қызметті тек жеке куәлік иесі ғана пайдалана алады. Сенімхатпен немесе үшінші тұлғаның атынан өтініш беру мүмкін емес. Жеке куәлікті онлайн ауыстыру тек құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталған кезде ғана мүмкін болады – яғни, мерзім аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өтіп кеткен соң 10 күн ішінде.
Жаңа құжатты азамат өз өтінімінде көрсеткен тіркеу пунктінен алады. Құжат дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Қызмет үшін төленетін мемлекеттік баж көлемі – 0,2 АЕК. Егер жедел рәсімдеу қажет болса, 3 жұмыс күніне – 1 771 теңге, 1 жұмыс күніне – 3 372 теңге көлемінде төлем жүргізу арқылы жедел қызметті пайдалануға болады.
Қызметті онлайн алу барысында деректердің қауіпсіздігін сақтау басты назарда. Өтінім беру заманауи қорғаныс әдістері бар Digital ID жүйесі арқылы жүзеге асады. Жүйе алдымен азаматтың ЖСН мен тіркелген нөмірін тексереді, кейін мобильді азаматтар базасы арқылы бірреттік құпия код (OTP) жібереді. Одан соң биометриялық сәйкестендіру арқылы қосымша қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Бұл үшінші тұлғалардың атынан өтінім беру мүмкіндігін толығымен жоққа шығарады.
Барлық биометриялық деректер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қорғалған контурында шифрланған түрде сақталады және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Алайда кейбір азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өте алмауы мүмкін. Мұндай жағдайлар бет-әлпет ерекшеліктері, операциялардан кейінгі өзгерістер, тыртықтар, мимикалық қиындықтар немесе жас ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Бұл – қызмет көрсетуден бас тарту емес, тек қауіпсіздік талаптарының бір бөлігі. Мұндайда жүйе азаматқа балама нұсқа ретінде Халыққа қызмет көрсету орталығына барып рәсімдеуді ұсынады.
Қызмет туралы толық ақпаратты eGov.kz порталындағы тиісті қызмет төлқұжатынан алуға болады.
Жаңа бастама ІІМ, Мемлекеттік қызметтер комитеті, Цифрлық даму министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның ортақ жұмысының нәтижесі болып отыр. Бұл жаңашылдық цифрлық үдерістерді жеделдетіп, азаматтарға уақыт пен ыңғайлылықты үнемдеуге бағытталған.