Елімізде балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігі шектеле ме?
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалану мәселесі қоғамда жиі талқыланып келеді. Осы тақырыпқа қатысты ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында министрліктің ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, интернет платформалар мен әлеуметтік желілерге толық тыйым салу жастардың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Себебі қазіргі әлем өте жылдам өзгеріп, цифрлық технологиялар мен креативті индустрия экономиканың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер тек ойын-сауық алаңы ғана емес, сонымен қатар табыс табу мен кәсіпкерлікті дамытудың құралына айналып келеді. Мысалы, әлемдік тәжірибеде «хаус» деп аталатын креативті орталықтар бар. Бұл алаңдарда жастарға әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану, контент жасау, онлайн-жобаларды дамыту және заңды түрде табыс табу жолдары үйретіледі.
Алайда вице-министр мәселе тыйым салуда емес, балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде екенін атап өтті.
Сонымен қатар Дмитрий Мун ата-аналардың рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі тек мемлекетке ғана емес, ең алдымен отбасыға байланысты.
Спикердің сөзінше, қазіргі жағдайда ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Баламен бірге интернеттегі контентті талқылау, қандай платформаларды қолданатынын білу және саналы түрде бағыт-бағдар беру – қауіпсіздіктің басты кепілі.
Осылайша, министрлік ұстанымы бойынша, балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін толық шектеу емес, керісінше, оларды дұрыс пайдалануға үйрету, қауіптерді дер кезінде анықтау және ата-ана мен мемлекеттің бірлескен бақылауын күшейту басты мақсат болып отыр.