Трактор сатып алудан 121 млн теңге үнемделді – ШҚО
Фото: Шығыс ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат үнемі жетілдіріліп отырады.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша басшысы Денис Шакеновтің айтуынша, агенттік жұмысындағы тірек – еліміздің Ұлттық даму жоспары. Президенттің 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жобаларды басқару тетіктері белсенді түрде енгізіліп отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тұрғындар үшін өзекті әлеуметтік мәселелерді анықтаған. Олардың туындауына белгілі үрдістердің ашық түрде жүргізілмеуі, әкімшілік кедергілер мен заңнаманың жетілдірілмеуі сынды факторлар себеп. Осы мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Мамандар әлеуметтік мәселелерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, тәуекелді сыртқы талдау тұрғысынан қарастырады. Былтыр барлығы 12 мониторинг және тәуекелді сыртқы талдау бойынша 5 шара жүргізілген. Агенттік көптеген салаларда бақылау жүргізеді.
Сондай бір талдау нәтижесінде көші-қон саласындағы жұмыс визасын беру және шетелдіктердің елде болу мерзімін ұзарту турасында көптеген заңбұзушылықтарды анықтап, оны жою бойынша ұсыныстар әзірленді.
Қосымша арқылы қолданба сапасы туралы 8 мыңнан астам оң пікір келген. Қазір экология саласындағы мәселелер, отын мәселесі, құрылыс және тағы басқа мәселелерді қарауында ұстап, ашықтықты бақылауға алған. Гематология орталығы, Бұқтырма өткелі, мамандандырылған ХҚКО сынды жобалар мен бағалы металдарды заңсыз өңдіру, жайылым жерлерінің жетіспеушілігі, мемлекеттік сатып алу жүйесі сынды салаларды қадағалайды.