KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Өскеменде семсерлесуден республикалық турнир өтті

шартты сурет

12.05.2023, 22:03 350 Оразай Жеңісұлы

Өскеменде осымен 17-ші рет Ер Жәнібек Бердәулетұлын еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Оған спорттың семсерлесу және рапира түрінен барлығы 200-ден жасөспірім қатысты.

Турнирдің салтанатты ашылуында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев, облыстық семсерлесу және рапира федерациясының президенті Игорь Грязнов, осы турнир басталғалы басы-қасында жүріп, демеушілік танытып келе жатқан іскер азаматтар Тоқтасын Ерубаев, Сейілжан Сайлаубаев, Қайрат Оразбаев, басқа да азаматтар сөз алып, бұл спорт түрін елімізде дамыту үшін жасөспірімдер арасында жыл сайын осындай дүбірлі жарыс өткізудің жеміс беретінін тілге тиек етті.

Турнир бірнеше күнге созылды. Тартысты өткен жарыста семсерлесуден жасөспірімдер арасында бірінші орынды Алматы облысының талантты жасы Алексей Касаткин жеңіп алды. Екінші орынды алматылық Георгий Тинников, үшінші орындарды Шығыс Қазақстанның қос өкілі Кирилл Проходов пен Богдан Лукин иеленді.

Қыздар арасында Алматы қаласының өкілі Наталья Зинякова чемпион атанды. Кристина Красикова (ШҚО), Каролина Фомина (Алматы), Ләззат Карипова (ШҚО) одан кейінгі орындарды бөлісті. Ал кадеттер арасында Шығыс Қазақстанның семсерлесуші Кирилл Прохоров жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарда – Тимур Иванов, Александр Шешин, Жанарбек Жанұзақов (барлығы Алматы қаласы).

Бұрымдылар арасында (кадеттер) Кристина Красикова қарсылас шақ келтірмеді. Екінші және үшінші орындарда – Полина Лесовая (Алматы), Әмина Саматова (ШҚО), Хава Умаева (Алматы).

Рапирадан сайыстар үш күнге созылды. Алматылық Ғалым Нұрымов жасөспірімдер арасында бірінші орынды жеңіп алды. Қыздар арасында Алматы қаласынан София Ақтаева үздік атанды. Кадеттер арасында Абай облысынан келген Құсман Еділ чемпион атанды. Ал қыздар арасындағы сайыста тағы да София Ақтаева жеңіс тұғырына көтерілді. Командалық есепте Алматы, қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысының саңлақтары алдан көрінді.

– Семсерлесу мен рапира соңғы жылдары елімізде дамып келеді. Әсіресе Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында спорттың бұл түріне көңіл бөлінеді. Осындай дүбірлі жарыстарды тұрақты өткізудің маңызы зор. Жастардың шеберлігін арттырады. Мәселен, Руслан Курданов, Вадим Шарлаимов, Алина Искендирова сияқты талантты жастар Азия чемпионатында топ жарды, Әлем кубогында жүлде терді. Қысқасы, спорттың бұл түрінен үмітіміз бар, – деді Қазақстан Республикасы семсерлесу және рапира федерациясының вице-президенті Қарлығаш Сайханова.

Жарыста жеңімпаз атанған үздіктерге, команда капитандарына грамоталар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу