ШҚО командасы дәстүрлі турнирдің үш дүркін чемпионы атанды
Өскеменде волейболдан кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты өткен облыс әкімінің жүлдесі үшін республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ардагерлер арасында осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған байрақты бәсекеде өскемендіктер жеңіске жетіп, үшінші жыл қатарынан чемпион атанды. Дүбірлі додаға еліміздің 10 облысынан келген командалар қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылуында облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, Қазақстан ардагерлері қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Елубаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Рыпаков пен осы турнирді ұйымдастырған танымал меценат Қайрат Мусин сияқты азаматтар сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларды құттықтады.
Тартысты өткен доданың үшінші орнына Атыраудан келген волейболшылардан басым түсті қызылордалықтар ие болды. Ал финалда Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласының командалары күш сынасып, 2:0 есебімен алғашқылары жеңіске жетті. Осылайша Шығыстың ардагерлері үшінші рет чемпион атанды.
Турнир аяқталған соң жүлдегер атанған жүлдегер командаларға сәйкесінше бір миллион, 700 және 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Тіпті төртінші орын алған атыраулықтар да 200 мың теңге мен грамотаға ие болды.
Турнир аясында Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіндегі Мұса баба мешітінде ауған жерінде шейіт болған боздақтар рухына арнап ас беріліп, Өскемендегі №16 мектепте мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті.