ШҚТУ-да «Лу Бань атындағы шеберхана» ашылады – Өскемен
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына "Орталық Азия-Қытай" саммиті аясында жасаған сапары барысында ШҚО әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының халық үкіметі арасында "Лу Бань шеберханасын" құру туралы келісімге мемлекеттік деңгейде қол қойылды. Сонымен қатар Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіби институты да аталған шеберхананы құру туралы өзара келісімшартқа қол қойған.
Жоба арқасында екі ел арасындағы қолданбалы технологиялар және жоғары техникалық білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын қолдау көзделген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазақстан арқылы 5 темір жол, 6 автомобиль жолы және жалпы 11 халықаралық дәліз өтеді. Бұл – Шығыс пен Батыс арасындағы ең ірі транзиттік байланыс. Сондықтан автокөлік нарығындағы барлық көлік түрлеріне, соның ішінде гибридті және электромобильдерге қызмет көрсете алатын мамандар қажет. Ал «Лу Бань атындағы шеберхана» жүргізетін «Автокөлік құралдары» оқу бағдарламаларының тобы еліміздегі кадрлық сұранысты толықтырып, көзделген міндетті іске асыруға септігін тигізеді.
Жоба аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында автомобиль көлігі саласындағы заманауи оқу зертханасын құру, Қытайдың заманауи технологияларын пайдалана отырып, автомобиль көлігі саласында мамандар даярлайтын білім беру бағдарламаларын жетілдіру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар Қытайдың жоғары және кәсіптік оқу орындарымен арадағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту (қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бірлескен ғылыми жобалар және т.б.) көзделген.