Самарлық педагогтар қосымша ақысын ала алмай келген
Фото: egemen.kz
ШҚО Самар ауданының прокуратурасы педагогтардың құқығын қорғап, өздеріне тиісті қосымша ақыны алуға жәрдемдесті.
Самар ауданында педагогтардың қосымша ақысы қате есептеліп, ұстаздар аз еңбекақы алып келген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ауданда ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеген педагогтардың базалық еңбекақыға қосылатын қосымша ақысы қате коэффициентпен есептелген. Салдарынан ұстаздар тиісті сомадан аз еңбекақы алған. Қосымша ақы 2020 жылдан 2023 жылдың маусым айына дейінгі уақыт үшін төленуі тиіс еді.
Аталған деректі прокуратура инклюзивті білім беру саласында заңдылықтың сақталуын талдау барысында анықтап, қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде 209 оқытушының еңбекақысы қайта есептелді. Есептеу жүргізілген сома – 20 млн теңгеден астам.