ШҚО әкімінің атынан жалған парақшалар ашылып жатыр
Фото: egemen.kz
Қазір Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың атынан жалған парақшалар жаппай ашылып жатыр.
Дерекке сүйенсек, осы жағдайды пайдаланып облыс әкімінің атын жамылып, беделін өсіріп, лайк пен оқырмандар санын арттырғысы келгендер қатары көп, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазір ШҚО әкімінің нақты аккаунты тек Instagram желісінде ғана ашылған.
Сипаттамада парақша жаңалықтар сайты емес, мемлекеттік қызметшінің аккаунты екені нақты жазылған. Сонымен қатар ресми парақшаның атауында әкімнің аты-жөні жазылмаған.
Дерекке сүйенсек, Instagram және Facebook желілеріндегі басқа аккаунттар – арандату үшін немесе оқырман жинау үшін ашылған жалған аккаунттар. Аккаунт атауын мұқият оқымай тіркелмеу қажет. Instagram желісіндегі @shko.akim.official – ШҚО әкімінің жалғыз ресми парақшасы.
Сонымен қатар облыс әкімінің ресми парақшасындағы ақпарат шартқа сәйкес бірден екі тілде – мемлекеттік және орыс тілінде жарияланады. Егер екі тілде жазылған мәтін бір постқа сыймаса, екі бөлек пост ретінде шығатынын да ескеру қажет.