ШҚО-да қызмет барысында жан тапсырған полицейлерді еске алды
Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынды
23 маусымда ШҚО ПД-де өткен Қазақстан полициясы күніне арналған іс-шарада полицейлер қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, үш мәрте оқ атты.
Тәртіп сақшылары мен қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелері ескерткішке гүл шоғын қойды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков Қазақстан полициясы құрылған күннен бастап 29 шығысқазақстандық қызметтік борышын атқару кезінде қаза болғанын, оның алтауы қылмыскерлерді ұстау кезінде көз жұмғанын еске алып, олардың есімдері мәңгі есте сақталатынын атап өтті.
Шара барысында ПД бастығы Ішкі істер органдарындағы қызметке өмірін арнаған және кәсіби мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеген ардагерлерге ризашылығын білдірді.
Іс-шара соңында үздік қызметкерлерге ҚР ІІМ, облыс басшылығының және ПД-нің наградалары табысталды.