KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 1 м/с, С
479.71 533.77 5.16

Құрбан айт биыл қалай өтеді?

Фото: Тілеубек Шаяхмет

27.06.2023, 08:00 396 Мадина Амангелдіқызы

Биылғы айт намазы Шығыс өңірі бойынша облыс, қала, аудан және ауыл мешіттерінде 28 маусым күні таңғы сағат 7.00-де оқылады.

ШҚО-ның бас имамы үндеу жариялап, жұртты айт мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Мұсылман баласы асыға күткен Құрбан айт мейрамы да келіп жетті. Құрбан айт – мейірім мерекесі. Бұл күні барлық мұсылман баласы хал-қадірінше басқаға жақсылық жасауға тырысады. Осы орайда айта кетсем, облысымыздағы барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы.

Айта кетсек, облыс орталығы Өскеменде құрбан шалу орны қаланың іргесіндегі Шығыс ауылының жанында болады. Құрбан шалу айт намазынан кейін сағат 07.30-да басталады. Ал  мерекелік рухани-мәдени шаралар 28 маусым күні  «Халифа Алтай» мешітінің алдында өтеді.

Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанынан құрылған «Уақып» және «Зекет» қорларының ұйымдастыруымен «Құрбан-2023» сайты жұмыс істеп тұрғанын еске саламыз. Осы сайт арқылы онлайн құрбан шалып, аз қамтылған отбасыларына көмектесе аласыздар.

Құрбан шалу орнын Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қатаң бақылауға алып, сол жерде жұртпен бірге жұмыс істейді. Құрбан шалу барысында белгіленген талап-тәртіпті сақтап, тазалыққа мән берген жөн.

Құрбан шалуға қатысты өзге де сұрақтар болса, мешіт өкілдеріне хабарласып білуге болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив