Есірткіге масайған жүргізуші тасжолда тоқтатылды – ШҚО
Фото: egemen.kz сайтынан алынған шартты сурет
Шілде айының ортасында "Өскемен-Семей" автожолын патрульдеу барысында 1987 жылы туған жүргізуші тізгіндеген "LADA 21144" маркалы автокөлігі тоқтатылды.
Құжаттарды тексеру кезіндегі жүргізушінің оғаш әрекеті күдік тудырып, жүргізілген сараптама нәтижесінде есірткіге масайғаны анықталған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Деректер базасы арқылы тексеру кезінде аталған жүргізуші Семей қалалық сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы шешімі бойынша 8 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Жүргізуші жолаушылармен бірге Өскемен қаласынан Семей қаласына бара жатқан. Көлік басқарған азаматқа қатысты жолға шықпау туралы жазбаша міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, көлік мамандандырылған тұраққа қойылды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Баптың санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.