KZ
Өскемен
-10°
плотный туман Штиль
498.55 524.28 4.75

Бүгін «Алтайдың кербұғысы» - Оралхан Бөкейдің туған күні

28.09.2020, 05:47 460

Бүгін негізінен қазақтың елдігі мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан үш тұлғаның туған күні. 28 қыркүйек күні Мұхтар Әуезовтың туғанына 123, Шерхан Мұртазаның дүниеге келгеніне 88, ал Оралхан Бөкейдің өмір есігін ашқанына 77 жыл толып отыр.

Ал «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей тірі болса, бүгін 77 жасқа толар еді. Алтайдың көркем бейнесін туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда Оралхан «...ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде...» ел есінде қалды.

Еңбек жолын 1965-1968 жылы Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор болып бастап, облыстық «Коммунизм туында» әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті. Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді.

«Оралхан не жазса да, қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бір де бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», - дейді Оралхан жайлы жазушы Дулат Исабеков.

Оралхан Бөкей «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.) атты еңбектері жарық көрген. Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.), «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.).

Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, славян, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды.

Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым. 1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты наградаларына ие болды. Оралхан Бөкей Үндістанға шығармашылық іс-сапарынан оралмады. 1993 жылы 17 мамыр күні Үндістан астанасы Делиде көз жұмды.



 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу