Асқар Можанов спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды

Асқар Можанов арнайы тексерудің оң нәтижесін алғанға дейін ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Бұл туралы бүгін өтіп жатқан облыс әкімдігінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Жиында облыс әкімі Ермек Көшербаев Асқар Байжігітұлының бұл қызметті бұрын да атқарғанын, сондықтан оның осы лауазымға әбден лайық екенін айтып, оның алға қойған мақсаттарға жететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ әкімдік отырысында облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Серікхан Нұртазиннің тағайындалғаны белгілі болды.
Серікхан Нұртазин - «Болашақ» бағдарламасының түлегі, халықаралық қатынастар магистрі, мемлекеттік басқару органдарындағы жұмыс тәжірибесі мол маман.
Жиын барысында басқармалардың жаңа басшыларын таныстырған облыс әкімі Ермек Көшербаев олардың өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайтынына сенім білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.