Оқу-ағарту министрі жұмыс сапарымен ШҚО-ға келді
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келді.
Бас педагог облыс әкімдігінде ұстаздар қауымымен, ата-аналармен және білім саласының қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Өңірдің білім саласындағы ерекше жобалардың бірі — "Қонақжай отбасы". Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева айтты.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуі алты есе азайған. Бұл "Білікті маман" жобасының нәтижесі. Мәселен, 2016 жылы 1800 түлек шетелдік ЖОО-ларға түскен болса, 2023 жылы 270 түлек ғана шетел асқан.
Өңірде қазір 348 мектеп бар. 9804 мұғалім сабақ береді, 98 590 оқушы білім алады. Осы ретте министр өңір мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігі қаншалықты дәрежеде қамтамасыз етілгенін сұрады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп асханаларын тәртіпке келтірумен қатар оқушылар арасында тамақтану мәдениетін қалыптастыруға да мән беру керектігін атап өтті.