KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,5 м/с, З
480.61 534.53 5.28

ШҚО-да қараусыз мал кесірінен жол апаты жиіледі

Фото: uralskweek.kz

15.11.2023, 14:00 351

Қай жаққа барсаңыз да жол бойында қараусыз мал өріп жүр. Бүгінде көліктердің бір-бірімен ғана емес, жолда жүрген жылқыға, сиырға соғылуы жиілеп барады.

Төрт түліктің күндізгі, түнгі уақытта жол бойында қараусыз жайылып жүруінен болып жатқан жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандар да көбейген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Иесі де, ауыл әкімі де жауапты

Барлық мезгілде малды жол маңында жаюға, қараусыз қалдыруға тыйым салынған. Алайда бұл талаптарды мал иелері орындай бермейді. Қараусыз малдың жолға шығу салдарынан болып жатқан жол-көлік оқиғалары жүргізушіні, жолаушыны ғана емес, жалпақ жұртты да алаңдатып отыр.

Облыстық мәслихаттың 2017 жылдың 14 сәуіріндегі  №10/109 – VI құжатымен белгіленген елді мекендерде мал ұстау ережелеріне сәйкес  жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мал иелері малын жол бойында, көлік жолынан әрі-бері өту кезінде тікелей бақылауда ұстауы керек. Малдың  жол үстінде қараусыз жүруіне болмайды.

Малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында биылғы 6-9 қарашада арнайы құрылған жұмыс тобы Омбы-Майқапшагай, Зайсан-Күршім, Күршім-Қалғұты, Алтай-Катонқарағай, Алтай-Өскемен, Өскемен-Самар, Өскемен-Қалбатау, Өскемен-Семей бағытындағы автокөлік жолдарына шығып, рейд өткізді. Шара барысында аталған бағыттардағы көлік жолдарында қой табындары, жылқылар, ірі қара малының қараусыз жайылып жүргендігі анықталды. Рейд кезінде мал жаю ережелерін бұзған 42 жағдай тіркеліп, олардың иелерімен түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Мал ұстап отырған ауыл тұрғындарының есіне тағы да саламыз, облыста жолға шығып кеткен малдың кесірінен болып жатқан жол-көлік оқиғалары көбейіп барады. Жыл басынан бері өңірімізде көліктің малға соғылуынан бірнеше жол апаты тіркелген. Әсіресе, қала сыртындағы жолдарда азаймай тұр. Мұндай жол апаттарының жиілеп кетуіне алдымен малын қараусыз қалдырған тұрғындар, онымен қоса өз аумағында мал жаю ережелерінің сақталуын қадағаламаған ауыл әкімі де кінәлі. Биыл малын қараусыз қоя берген 76 мал иесі әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеген.

Малдың жолға шығып кетуіне оның қараусыз жүруі, жол бойында қоршаудың болмауы, елді мекендердегі мал иелерінің төрт түлікті жаюды ұйымдастырмауы себеп болып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша «Ауыл шаруашылығы малдарын жаю ережелерін бұзғаны үшін» облыста бір мыңнан астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Барлық ауыл әкімдерімен, учаскелік инспекторлармен ұжымдық мал жаюды ұйымдастыруға қатысты түсіндірме жұмысы жүргізілген. Қазір ауылды жерлердегі шаруа қожалықтары базасында қараусыз малға арналып «айыппұл тұрағы» құрылған. Қоғамдық орындарда жайылып жүрген малдар осы «айыппұл тұрақтарына» қамалады. Мал иелері табылғанша сол жерде тұрады. Одан соң қараусыз малдың иесіне хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Мал иесі сонымен қоса малды айдап әкелгені немесе көлікпен тасымалдағаны үшін, баққаны үшін кеткен шығынды төлейді.

Жылқыға жарқырағыш тағуды ұсынды

Сөз басында айтып өткеніміздей, көліктің жолда жүрген малға соғылуынан қаза тапқан немесе жарақаттанып, мүгедек болып қалған жағдайлар жиіледі. Сондықтан иесіз мал тротуарда, ауыл, кент ішіндегі көгалда, жол бойында, көлік қозғалысына кедергі келтіретін кез келген жерде жүрсе иесі қатаң жауапқа тартылады дейді облыс жолдарында рейд жүргізген жұмыс тобының мүшелері. Жүргізушілер де, жауапты органдар өкілдері де қайғылы оқиғаларға душар болмас үшін ірі қара мен жылқыны, ұсақ малды жол үстіне шығармау қажеттігін айтады.

Айдын Қанафиянов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, жұмыс тобының мүшесі:

- Рейд барысында Боғас-Ақмектеп тас жолындағы 5 шақырымнан 25 шақырымға дейінгі аралықта (жол бойында егіс алаңы жоқ жерде) жол төселімінен 5 метрден 150 метрге дейін жерде таңбасы жоқ қараусыз жылқылардың жайылып жүргені анықталды. Мұндай жағдай Алтай-Катонқарағай, Өскемен-Самар тас жолдарында да кезікті. Өз тарапымыздан негізгі автомобиль жолдары бойында орналасқан ауылдық округтердің әкімдеріне облыстық мәслихаттың 2023 жылдың 31 мамырдағы №3/28-VІІІ шешіміндегі ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды ұйымдастыру, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері жайылымдық кезең басталар алдында ауыл шаруашылығы жануарларының иелері арасында жайылымды ұтымды пайдалану жөнінде іс-шараларды жүргізу туралы түсіндіру жұмысын жүзеге асыруы қажеттігі, сондай-ақ қараусыз малды уақытша ұстайтын орындар ұйымдастыру жүктелгені туралы ауылдық округтің әкімдерімен,  жол жиегінде мал жайып жүрген малшылармен түсіндіру жұмысын жүргіздік.

Жұмыс тобы болашақта жол-көлік апаттарын болдырмас үшін негізгі көлік жолдары бойында орналасқан елді мекендердің малдарына жарыққа шағылысатын мойынбау тағу қажеттігін ұсынып отыр. Бұл әсіресе, жарыққа көзі шағылысатын жылқы малын түнде осы жарқырағыш бау арқылы алыстан байқап, жүргізушіге жылдамдықты баяулатып, қозғалысты тоқтатуға мүмкіндік береді. Жарық шағылыстырғыш таспалар бүгінде Атырау облысында қолданылып келеді.

Жүргізілген рейдтік шараның негізінде жұмыс тобы жауапты органдарға жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төмендегідей кеңестерді ұсынып отыр:

Мал жаю ережелерін бұзғандарға жазаны қатаңдату;

Жол жиегіне (мал жейтіндей, мал келетіндей) қалың шөп өсіп кетпес үшін қос қапталды жыртып, жер айдау жұмыстарын жүргізу;

Малдарға жарық шағылыстыратын мойынбау тағуды қолға алу;

Ауыл әкімдеріне малды жаю ережелерінің қатаң сақталуына жан- жақты бақылау жүргізуді тапсыру. Сондай-ақ, БАҚ арқылы мал жаю ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіру.

Жол үстінде қараусыз жүрген малдардың кесірінен болған жол-көлік оқиғаларында сол малдың иелері анықталмай, табылмай жататын кездер де кездеседі. Жолдағы мал жүретін, мал өтетін аумақтарда сақтандыру белгілерінің, мал өткелдері деген белгілердің жоқтығы да қайғылы жағдайларға жанама себеп болып жатады. Қандай жағдайда да қауіптің алдын алу үшін алдымен әркім өзінің малына ие болуға тиіс.

 

Автор: Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив