ШҚО делегациясы Уфадағы әріптестерімен шаруаларға қолдау көрсету мәселелерін талқылады
Башқұртстан Республикасында өтіп жатқан «Келешек. Кәсіби қоғамдастықтың болжамы» атты халықаралық форум аясында ШҚО делегациясының мүшелері Уфа қаласындағы әріптестерімен бірге шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені тұрақты дамып келеді және еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің шамамен алты пайызын құрайды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Башқұртстан Республикасы Үкіметі премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ильшат Ильдусович Фазрахмановтың ақпараты бойынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мемлекет қолдауын алған кезде Башқұртстан Республикасының АШМ-мен келісімге қол қояды, ол бойынша аграршылар мемлекеттік субсидияларға айырбас ретінде алынатын қолдау түріне байланысты өнімділікті, мал басын немесе сүт көлемін ұлғайту бойынша міндеттемелер алады. Міндетті шарттардың бірі – бес жыл ішінде кез келген уақытта мемлекет тарапынан осы келісімді орындау бойынша тексерулер жүргізуге келісім беру. Егер ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші құжатқа қол қойса, онда ол келісімшартты орындауға міндетті. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда, субсидия алушы мемлекеттен алынған қаржыны өз еркімен қайтарады. Бас тартқан кезде мәселемен құқық қорғау органдары айналысады.
«Бізге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау мәселесі бойынша тәжірибе алмасу қызықты болды, – деп атап өтті ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова. – Әріптестеріміз өздерінде бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын тексерудің қандай тетіктері қолданылатынын баяндап берді».