KZ
Өскемен
-14°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да кітап орталығы ашылды

29.11.2023, 21:00 145 Айна Ескенқызы

Мемлекет басшысы халық арасында кітап оқу мәдениетін дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Осы ретте «AMANAT»  партиясы кітап орталықтарын ашу және кітап оқуды дәріптеу арқылы жас ұрпақты тәрбиелеудің оң бастамасын көтеріп отыр.

 

ШҚО-да бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанынан «КІТАП-AMANAT» орталығы ашылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Орталықтың салтанатты ашылуына «КІТАП-AMANAT» жобасының жанашыры, ақын,  ҚР Мәдениет қайраткері, «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмас Ахметбекұлы, өңіріміздің қоғам қайраткерлері, зиялы қауымы өкілдері, студент жастар жиналды.

 

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

 

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап өндірісіне, кітап насихатына назар аударуды, 24 сағат бойы ашық тұратын кітапхана болу керек екенін айтқан еді. Осы орайда Президент тапсырмасын орындап, бірден-бір қолдау көрсететін, алға қойған мақсаттарға жетуге кепілдік беретін ең үлкен саяси ұйым – «AMANAT» партиясы. «КІТАП-AMANAT» жобасын қолға алып, өңірлерден кітап орталықтарын ашып жатыр. Бүгін осындай орталық біздің өңірімізде де ашылып отыр, – деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова. 


 

Орталық барлық азаматтар үшін қол жетімді, кез-келген қала тұрғынына кітап оқуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта осы орталықта жастар үшін өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесу шараларын  өткізу де жоспарланған.

 

- Ерке Ертіс пен Үлбінің тоғысында орналасқан Өскемен шаһарында бүгін осымен оныншы «Кітап-AMANAT» орталығы есігін айқара ашты. Мақсатымыз - оқырманның отандық әдебиетке деген қызығушылығын ояту, көпшіліктің оқуға деген ынтасын арттыру. Партияның руханиятқа көңіл бөліп, оқырмандарға барынша жағдай жасауы қуантарлық дүние. Орталықта қазіргі танымал авторлардың да, бұрынғы классик жазушылардың да еңбектері бар. Дәстүрлі кітапхана ол бөлек, ал мынандай заманауи орталық мүлде басқа. Мұндай орталықтар алдағы уақытта барлық облыс орталықтарында іске қосылса, одан кейінгі жылдары аудан орталықтарында да ашылады деп ойлаймын, – деді Алмас Ахметбекұлы.


 

Орталықта үш жарым миллион теңгенің кітаптары жинақталған. Олардың ішінде отандық және әлем классиктерінің шығармалары бар.  

 

Жалпы бұл жоба елімізде қазіргі заман авторларының шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуге бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу