ШҚО-да көмірмен жылытылатын жылу электр станциясы салына ма?
ШҚО-да көмірмен жылытылатын жылу электр станциясын салу мәселесі ең жоғары мінберлерде қаралып жатыр. Өңір көгілдір отынмен қамтамасыз етілген кезде станцияны газбен жұмыс істеуге ауыстыруға болады.
Бұл жайында бүгін Өскеменде өткен парламенттік комиссияның көшпелі отырысында айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
- Қазір жылу электр станциясының құрылысы бойынша ресейлік серіктестермен келіссөздер жүргізілуде. Бірінші кезекте жылу-электр станциясы қатты отынмен жылытылады деп шешілген. Алайда болашақта, өңірге газ келген кезде, оны газбен жылытуға ауыстыруға болады. Станцияның техникалық талаптарында бұл мүмкіндік қарастырылған, - деді отырыста атомдық және энергетикалық бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов.
Төрағаның айтуынша, бізде мұндай тәжірибе Астанада салынған жылу электр станциясында қолданылған.
- Өскемен үшін қазір жылумен қамтамасыз ету тапшылығын шешу мәселесі бірінші кезекте тұр. Сол себепті станцияның салынуын біз мүмкіндігінше тездетеміз. Ал газбен жылытуға алмастырудың әр түрлі нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Мысалы, Астанада көгілдір отынға ауыстырылды. Көмірмен жылытылғанымен, нысан барлық экологиялық заманауи талаптарға сай салынады. Облыс орталығындағы ескі қазандықтардың жұмысын толығымен алмастыратын болады. Сол себепті қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға қалай десек те оң ықпал етеді, - деп қосты Сұңғат Есімханов.
Оқи отырыңыз