Риддер ЖЭО қысқы жұмыс режиміне көшті
![](/kz/uploads/posts/2023-10/img_0973.webp)
Риддер қаласының басшылығы ЖЭО-ның қысқы жұмыс режиміне көшкенін хабарлап отыр. Өткен сенбіде Риддер жылу электр орталығындағы №2 қазандық іске қосылып, жұмыс істеп тұрған қазандықтар саны үшеуге жетті.
«Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның баптау және сынау мәселелері жөніндегі инженері Александр Беликовтың сөзінше, жылу көзіндегі жөндеу жұмыстары техникалық регламенттерді сақтай отырып, белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
– Жылу электр орталығындағы орташа қысымдағы үш қазандықтың үшеуі де іске қосылған. Дәл қазір кеншілер шаһарын жылумен қамтамасыз етуге бұл жеткілікті. Жалпы, барлық жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді, – деп мәлім етті маман.
ЖЭО-ға қосылған жылу желілері жеткізуші құбырдағы қысым 10-12 кгс/см2-ге дейін жететін қысқы гидравликалық режимге ауыстырылған. Қазіргі уақытта №2 және №3 қазандық агрегаттары жұмыс істеп тұр. №1 қазандық резервке шығарылған.
Синоптиктердің болжамынша, аптаның соңына дейін Риддердегі ауа температурасы күндіз +17-ден +1-ге және түнде +7-ден –8-ге дейін болады деп күтілуде. Қазір қалалық жылу электр орталығынан желілер қалаға тікелей 70℃ шамасында жылу беріп отыр. Бұл – осындай ауа райындағы қалыпты мөлшер.