Риддердің жылу орталығында тағы да апат болды
сурет ашық дереккөзден алынды
Риддер жылу электр орталығында тағы да апат болды.
Багер станциясы қайтадан су астында қалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыс әкімі бұл апат ЖЭО басшылығының немқұрайлығынан болды дейді.
«Дәл осындай жағдай өткен жылдың 5 қарашасында болғаны мәлім. Мердігер ұйымдардың күш-жігерімен біз мазутты сорып алып, барлық агрегаттардың жұмысын қалпына келтірдік. Алайда, ЖЭО басшылығының кінәсінен жағдай қайтадан қайталанды. Қазір багер станциясында апатты жою жүргізілуде, 4 мотопомпалар, 4 суасты сорғылары іске қосылды», - деді өңір басшысы Даниал Ахметов.
Әкімнің айтуынша, апат салдарынан жылу беру тоқтамайды. Өйткені қосымша жабдық іске қосылған.
«Риддер тұрғындарына айтарым, болған жағдай станцияның жұмысына әсер етпейді. Алаңдауға ешқандай себеп жоқ. Резервтік жабдық қосылған. Жылу электр орталығынан жылу беру кесте бойынша жүргізіледі», - деді облыс әкімі.
Төтенше жағдай жөніндегі штаб мамандары оқиғаның себептерін анықтап жатыр.