ШҚО-да ардагерлер арасында волейболдан республикалық турнир өтті
Өскеменде «Құрметті құрылысшы» Марат Мусинді еске алуға арналған ардагерлер арасында волейболдан өткен үш күнге созылған дәстүрлі ашық республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Орта жастан асқандар арасында салауатты өмірді сақтау, волейболға деген қызығушылықты арттыру, жалпы спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен тоғыз команда қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылар спорттың осы түріне деген қызығушылық жыл сайын артып келе жатқанын айтады. Волейболмен бұрыннан кәсіби түрде айналысып жүрген ардагер спортшылар арасында да додаға қатысам деушілер көп екен. Алайда ереже бойынша бір командаға бір спорт шеберлігіне кандидаттан артық қабылдауға болмайды.
Марат Мусин - кезінде Ұлан өңіріндегі көптеген нысандарды салған танымал прораб. Ол кісінің басшылығымен бой көтерген ғимараттар Ұланның елді мекендерінде әлі де сақталған. Асқан ыждаһаттылықпен сапалы салынған нысандар бүгінде халықтың игілігіне пайдаланылып келеді.
Үш күнге созылған тартысты жарыста Өскемен қаласындағы құрылысшылар мәдениет үйінің «Шығыс» құрама командасы жүлделі бірінші орынды еншіледі. Екінші орын алматылық «Алатау алауы» командасына бұйырса, астаналық «Номад» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұдан басқа жарыстардың көрігін қыздырған үздік ойыншылар да марапатталды.
Астаналық «Номад» командасының жетекшісінің айтуынша, номадтықтар - Ресей біріншілігінде еліміздің намысын қорғап, жүлделі орын алған, Өзбекстанда, Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы болып жүрген мықты команда.