ШҚО музейінде суретші мен шебердің бірлескен көрмесі ашылды
Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығында жерлестеріміз, мүмкіндігі шектеулі өнер иелері – суретші Марат Смаилов пен шебер Берік Қалибековтің оригами техникасында дайындаған көркем суреттері мен бұйымдары қойылған көрме ашылды.
Суретшінің «Арал», «Ақын» атты абстрактілі композициялар сериясы және шебердің оригами техникасында жасалған 11 композиция көрме төрінен орын алды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қос автордың туындыларын жұрт қызыға тамашалады. Өнер туындылары өзгеше шеберлікпен жасалғандығы көрермен жұртты тәнті етті.
Заманауи оригами техникасында жасалған жұмыстар әсіресе балалар мен бастауыш сынып оқушыларын қызықтыратынын байқадық. Жаңа әдіс-тәсілмен жасалған жұмыстардың ерекшелігі бірден көзге түседі.
Қос автордың көрмесі 25 ақпанға дейін көрермен қауымның назарына ұсынылмақ.
Фото: Валерий Шведов