KZ
Өскемен
туман жел 2 м/с, ОШ
494.87 520.65 4.91

Тарбағатайда тасқынның алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

11.02.2024, 15:19 207 Мадина Амангелдіқызы

Ақпандағы ауа райының күрт құбылуы жергілікті билік өкілдерін атқа қондырды. Қалың қардың жылдам еріп, таулы аймақтарда жауын-шашынның болуы, өзен арналарының қар-мұзбен бітеліп, тарылуы тасқын қаупін төндірді. Шығыс өңірінде арнайы күштер күшейтілген режимге көшірілді.

Жергілікті атқарушы билік пен ТЖ қызметінің күш біріктіре отырып жедел түрде су тасқынының алдын алуы өз нәтижесін беруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Тарбағатай ауданында арнасынан асып, елді мекендерге жайылуы ықтимал өзендер мен тоғамдар бар. Қазір осы тоғамдар қатаң бақылауға алынып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Жаңалық, Сарыөлең, Маңырақ ауылдарының маңындағы тоғамдар тексеріліп, алда-жалда су деңгейі көтерілсе жағалауды бекітетін құм-топырақ толтырылған қаптар әзірленген.

- Күннің күрт жылынуына байланысты төтенше жағдайды болдырмау үшін жергілікті атқарушы биліктің және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері тасқынның алдын алу жұмыстарын ширата түсті. Мәселен, Жаңалық ауылына баратын тоғам орта жолда бөгеліп, су Қарасу тоғамына қарай, яғни елді мекеннен аулаққа бұрылды. Кеше күн күрт жылығанда судың деңгейі біраз көтерілген еді, бүгін төмендеді, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалитегі.

Сонымен қатар ол Маңырақ ауылының іргесіндегі бөген мен Сарыөлең ауылы маңынан ағатын Терісайырық өзеніне салынған бөген де қатаң бақылауға алынып, су жайылуы ықтимал тұстары құм-топырақ толтырған қаптармен бекітілгенін жеткізді. Қазір тоғандардағы су деңгейі қалыпты. Бұл жерлерде тәулік бойы кезекшілік қойылған. Жергілікті атқарушы билік жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.


 

 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу