Еріктілер тұрғын үйлердің ауласын қардан тазартып жатыр - ШҚО (видео)
Шығыста қыс қаһарына мінді. Толассыз жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде бір метрден асып кетті. Оған қоса ақпанның ақ бораны түтеп тұр. Өңірдің елді мекендерінде қар басқан көшелері мен жолдарын тазарту қарқынды жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.
Осындай қиын-қыстау шақта ортақ іске үлес қосудан еріктілер де қалыс қалмады. Волонтерлер тобы күн-түн демей қармен алысып, қарбалас жұмыстан бас көтере алмай жатқан коммуналдық қызмет өкілдеріне ыстық шай мен тоқаш таратып, қолдау көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сонымен қатар еріктілер жасағы қаладағы жер үйлерде тұрып жатқан көмекке мұқтаж жандарға, оның ішінде зейнеткерлер мен ардагерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына, жалғызілікті аналарға, қарияларға қол ұшын созды. Волонтерлер қолына күрек алып, тұрғын үйлердің аулаларын, жаяу адамдар жүретін жолдарды қалың қардан тазартты.
Айта кетейік, ақпан айында облыста 30-дан астам акция өткізіліп, 200-ден астам ерікті көшелердің бойын, жүргіншілер жолын және жеке тұрғын үйлердің аулаларын қардан тазартуға атсалысқан. Қайырымды жастардың бұл еңбегі әлі де жалғасын таба бермек. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ел игілігі үшін еңбек майданына түсер еріктілер қатары алдағы уақытта арта береді деген сенім мол.

