Құзырлы органдар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді – ШҚО
Фото: Аяужан Утеулинова
Аймақта қатты аяз әлі бірнеше күн тұрмақ. Осыған орай облыстағы барлық құзырлы орган күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жағдай облыс басшылығының тікелей бақылауында.
Бұл туралы брифингте облыс әкімінің баспасөз хатшысы Елжан Қайырханов мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстанға аяз келгелі шамамен бір аптадай уақыт болды. Бүгінде облыстың басым бөлігінде сынап бағаны –35-40, ал кей өңірлерде –50 градусты көрсетуде. «Қазгидрометтің» мәліметінше, аяздың беті әлі бірнеше күн қайтпады. Тек сенбіден ары қарай күн біртіндеп жылына бастайды. Ал 24-29 ақпан аралығында аймақта қалың қар жауып, боран соғады, деп болжайды мамандар. Бұл күндері ауа температурасы –5 және –10 градус аралығында болмақ.
Баспасөз хатшысы сонымен қатар қолайсыз ауа райына байланысты облыстағы білім мекемелері түгел қашықтан оқытуға көшкенін хабарлады.
Оның айтуынша, біраз уақыт бұрын Марқакөл өңіріндегі бірқатар шаруа қожалығында мал азығының тапшылығы сезілген. Кейін бұл мәселені Күршім ауданының әкімдігі жедел түрде шешіп, шаруаларды қажетті мөлшердегі мал азығымен қамтамасыз еткен. Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ.
Баспасөз мәслихаты барысында өңірдегі су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы да айтылды.
Еске салайық, осыдан біраз бұрын кеншілер шаһарындағы «ЛК ГЭС»-те едәуір мөлшердегі қар мен мұз қоры жиналып, артық суды түсіру әдеттегі 6-12 күннің орнына 34 күнге созылған. Салдарынан осы маңдағы 36 саяжайды су басқан. Бүгінде келтірілген зиян мөлшері анықталған, шығын «ЛК ГЭС компаниясы» ЖШС есебінен өтелетін болады.