«Торпедо» жартылай финалға шыға ала ма?
Фото: "Торпедо" ХК сайты
«Торпедо» жартылай финалға шығу мүмкіндігін төмедетіп алды.
2023-24 жылдарғы 1хBet Pro hokei Ligasy плей-офф кезеңінің ширек финалы аясында «Ақтөбемен» шеберлік байқасып жатқан өскемендік команда алғашқы екі ойында жеңіліс тауып, жағдайын біршама қиындатты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қарсыластар арасындағы серия төрт жеңіске дейін жалғасатынын ескерсек, келесі екі ойынды қонақта, яғни Ақтөбе қаласында өткізетін «торпедолықтарға» еш жеңілуге болмайтыны түсінікті.
Ал серияның алғашқы екі матчы Өскемендегі Борис Александров атындағы Спорт сарайында өткенін айту керек. Және аталмыш екі ойынның да тағдыры овертаймда шешілген-ді.
Атап айтсақ, 1:2 есебімен аяқталған бірінші кездесуде есепті айдын иелері ашты. Ойынның небары жетінші минутында Александр Панченко қарсылас қақпасынан саңылау тауып, «Торпедоны» алға шығарды. Дегенмен, қалған уақытта хоккейшілеріміз есепті еслеудің бірнеше мүмкіндігіне ие бола тұра, оларды пайдала алмай қалды. Есесіне, қонақтар өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Алдымен, ойынның 26-шы минутында таразы басын теңестірген ақтөбеліктер, қосымша уақытта жеңіс шайбасын соғып кетті.
Командалар арасындағы екінші матчтың да тағдыры овертаймда шешілді. Тек бұл жолғы қорытынды есеп 3:4 болды. Осылайша, сериядағы есеп 0:2-ге жетті.
Жоғарыда айтқанымыздай, үшінші және төртінші ойындар Ақтөбе қаласында өтуге тиіс. «Торпедо» хоккей клубының баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл ойындар 26 және 27 ақпан күні ойналмақ.