KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

"Торпедоның" ұпайы түгел

9.12.2020, 16:08 277
Өскеменнің «Торпедосы» мен Көкшетаудың «Арланы» арасында өткен қос кездесудің екеуі де біздің команданың пайдасына аяқталды. Бір атап өтерлігі, Өскемендегі Борис Александров атындағы Спорт сарайында ойналған бұл ойындарда бірдей есеп тіркелді, 2:1.

Дегенмен, қарымта матчпен салыстырғанда қарсыластар арасындағы бірінші кездесуде есепті қонақтар ашқан-ды. Ойынның 10-шы минутында көзге түскен көкшетаулық ұжымның шабуылшысы Дмитрий Шитиков болды. Тек осыдан кейін ғана «торпедолықтар» шындап іске кірісті. Бұл сөзімізге Олег Болякин шәкірттерінің қарсылас қақпасына бағыттаған соққыларының саны дәлел бола алады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, жерлестеріміз «Арлан» қақпасына ұзын саны 40 соққы бағыттапты. Сол соққылардың екеуі нысанаға дөп тиді. Алдымен Александр Меньщиков қарсылас қақпасынан саңылау тапса, артынша Игорь Левицкийдің қанжығасы майланды. Қорытынды есеп 2:1.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай нәтиже командалар арасындағы екінші ойында да тіркелді. Тек бұл жолы есепті айдын иелері ашты. Матчтың 32-ші минутында «Торпедо» капитаны Александр Шин командасын алға шығарса, тура жиырма минуттан кейін қорғаушы Дмитрий Стулов нәтижелі соққының авторы атанып, есепті еселей түсті. Бұған көкшетаулық хоккейшілер ойынның соңғы минутында Игорь Черкасов соққан жалғыз шайбамен ғана жауап бере алды.

Осы жеңістерінен кейін қоржынындағы ұпайлар санын 46-ға дейін жеткізген «Торпедо» жеке-дара көш бастап тұр. Ел біріншілігі аясында 18 ойын өткізген өскемендік ұжым екінші орындағы «Номадтан» (Нұр-Сұлтан) үш ұпайға алда. Алайда жерлестеріміз елордалық командаға қарағанда екі ойын кем өткізгенін айта кету керек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу