KZ
Өскемен
+4°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Бұқтырма көпірі Шығыс өңірінің экономикасына ерекше серпін бермек

Фото: Мерей Қайнарұлы

24.02.2024, 20:00 8 087

Бұқтырма көпірі – Шығыс өңірінің жұртшылығы жарты ғасырдай уақыт сарыла күткен ерекше нысан. Қазіргі кезде облыстағы Күршім және Марқакөл аудандарының тұрғындары аймақ орталығына жаз кезінде пароммен, ал қыста мұз үстімен қатынап жүр. Көпір салу қажеттілігі көп жылдан бері айтылып келген-ді.

2019 жылдың 19 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында Үкіметке Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаражат бөлуді тапсырғанын мәлімдеді. Аталмыш жаңалықты өңір халқы үлкен қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тиісті қаржы бөлініп, 2021 жылдың ақпанында нысан құрылысы басталып та кетті. Бұл жобаның бастапқы құны 30,2 млрд теңге көлемінде есептелді. Кейінірек, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2022 жылдың тамызында жобалық-сметалық құжаттама түзетіліп, құны 61,4 млрд теңге болды.

Екі жолақты автомобиль көпірі Қазақстандағы ең ұзын көпірдің бірі болмақ – ұзындығы 1316 метр, ені – 12,2 метр, ал өткізу қабілеті – тәулігіне 80 мың автомобильге дейін.

Көпірдің тағы бір ерекшелігі сол, ол кеме қозғалысына кедергі жасамайды. Екі жағынан да мұз кескіштер қарастырылған. Мұздар сонда қопарылып, көпір тіректеріне тимейтін болады.

Құрылыс жұмыстарына Алматы қаласынан, еліміздің түрлі өңірлерінен келген инженерлер тартылған, ал негізгі жұмыстарды жергілікті білікті мамандар мен еңбеккерлер атқарып жатыр. Осы жобаның арқасында облыста бірегей көпір құрылысшыларының бүтін бір шоғыры қалыптасып отыр.

Көпір құрылысы Күршім және жаңадан құрылған Марқакөл аудандарының экономикасына өзінің оң әсерін тигізбек. Көлік қатынасы қарқын алған соң осы өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салалары соны серпін алады. Қазірдің өзінде кен орындарын игеру, тауарлы сүт фермаларын салу, Марқакөл көлінің жағалауына демалушыларға арналған қонақ үйлер тұрғызу сынды жобалар қолға алынған. Былтырғы 29 желтоқсанда Бұқтырма су қоймасында технологиялық көпір түйісті. Технологиялық өткелдің салынып бітуі – негізгі көпір құрылысын едәуір жеделдететін маңызды кезеңдердің бірі.

  Бүгінде қыс маусымына қарамастан көпір құрылысы үздіксіз жалғасып жатыр. Стратегиялық нысанды келесі қыста пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 Диаметрі 1200 сантиметр болатын қалың темір құбырлар түріндегі тіректер жерге қағылады.

Олардың әрқайсысы 38 метр тереңдікке дейін қағылады.

Көпірдің астынан кемелер өте алуы үшін ені 75 метрлік екі дәліз қарастырылған.

Көпір ШҚО-ның Күршім және Самар аудандарын жалғайды.

 Бұл – уақытша, яғни технологиялық көпір.


Фото: Мерей Қайнарұлы, Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу