ШҚО билігі жұмысшының өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті
Фото: myportfolio.com
Шығыс Қазақстан облысының басшылығы Маралды ауылында болған зайсандық краншыға қатысты қайғылы оқиғаны жіті бақылауға алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Маралды ауылындағы жалдамалы жұмысшының қазасына байланысты жағдайды ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы дереу назарға алып, тексеру жүргізуді бастады.
Оқиға орнына мердігердің қосымша күштерді тартуының заңдылығы мен қауіпсіздігін, объектідегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын және болған оқиғаны объективті бағалау үшін талаптардың орындалуын жан-жақты тексеретін мемлекеттік инспекторлар жіберілді.
Шығыс Қазақстан облысының басшылығы жағдайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту үшін құзырлы органдардың алдына қатаң талап қойды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маралды ауылындағы тау-кен кәсіпорнында жазатайым оқиғадан краншы қаза тапқаны туралы хабарлаған болатынбыз.