Биыл ШҚО-да қай жолдар жөнделеді?
pixabay.com
2024 жыл - елімізде Жол жылы деп жарияланды.
Қазіргі уақытта облыстағы жолдарды жөндеу бойынша техникалық құжаттамалар дайындалуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ақпаратына сүйеніп.
Көлік министрлігінің алдын ала жоспарлары бойынша, ШҚО-дағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын аяқтауға 29 млрд теңге сомасында толық қаржыландыруды қамтамасыз ету, 2024 жылдың соңына дейін көпірді пайдалануға беру жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Қалбатау-Майқапшағай, Талдықорған-Өскемен, Осинов асуы республикалық жолдарын қайта жаңарту жалғасады.
«ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ республикалық маңызы бар 200 шақырымға жуық жолды, оның ішінде Өскеменнен Шемонаиха, Риддер, Алтай, Семей қалалары бағыттары бойынша жөндеу мәселесін қарастыруда.
Өскемен қаласында Сәтбаев пен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысында көлік айрығының, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысының құрылысы жалғасады, Алматы қаласына шығатын Жібек жолы көшесін, Базовая көшесін қайта жаңарту жобалары аяқталады. Сәуір-мамыр айларында «ҮМЗ» АҚ ауданындағы Үлбі өзені арқылы өтетін Шнайдер көпірін қалпына келтіру жоспарлануда.
Елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 28,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда, оның шеңберінде шамамен 600 км жол жөндеу күтілуде, оның ішінде:
⠀⠀- облыстық маңызы бар 222 км жол
⠀⠀- аудандық маңызы бар 153 км жол
⠀⠀- елді мекендердің 108 км көшелері
⠀⠀- «Ауыл - ел бесігі» аясында аудандық маңызы бар 88 км көшелер мен жолдар
⠀⠀- аудандардың өз қаражаты есебінен 29 км жолдар мен көшелер жөнделуі тиіс
Қазіргі уақытта жолдарды жөндеу бойынша техникалық құжаттаманы дайындаумен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама шеңберінде конкурстық рәсімдер басталды.