KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
521.81 543.67 5.05

Жазушы, журналист Медеу Сәрсеке өмірден өтті

adebiportal.kz

21.03.2024, 12:00 196 Назерке Каримова

Ол бір жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жазушы, драматург, аудармашы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Медеу Сәрсеке Қайнардың тумасы (бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы). 88 жасында мәңгілік мекеніне аттанды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам қайраткері Медеу Сәрсекенің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

– Медеу Сапаұлы кемеңгер жазушы ретінде талғамы жоғары оқырманның ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының сүрлеуін салған қаламгер ғылымның мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп жеткізе білді. Соңына бай рухани және әдеби мұра қалдырған Медеу Сапаұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.


Заманының заңғар жазушысы ғұмырын Қаныш Сатпаев, Евгений Букетов, Ермахан Бекмаханов сияқты қазақтың біртуар ұлыларын зерттеуге арнаған.

Қаламгер әр жылдары "Жас Алаш" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, "Егемен Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан жазушылар Одағының Семей облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы қызметтерін атқарды.

"Ғажайып сәуле" (1959), "Көрінбестің көлеңкесі" (1960), "Жетінші толқын" (1964), "От және атом" (1965) жас жеткіншектерге арналған повестер жазған. Өндіріс адамдары туралы "Жеті жылдықтың жігіттері" очерктер кітабы (1961), "Қаз қайтқанда" (1968), "Айшықты мезет" (1969) деректі повестері жарияланды. "Сәтбаев", "Евней Бөкетов" (2005) атты деректі ғұмырнамаларын (1980, 1989), "Шығыс хикаясы" пьесасын (1971), "Жаңғырық" (1979), "Көмбе" (1985) романдарын жазды. Александр Беляевтің "Қос мекенді адам" романын қазақ тіліне аударған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу