KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО әкімі Республикалық штабтың отырысына қатысты

1.04.2024, 18:57 323 Оразай Жеңісұлы

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Жиын барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндама жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев тасқынға қарсы дайындық жұмыстары жоспары бойынша алдын ала жүргізілгенін атап өтті. Бүгінде облыс аумағының 78%-ын қар басып жатыр. Әсіресе, таулы аймақтар – Марқакөл, Алтай, Глубокое, Самар аудандарында қар жамылғысы қалың.

Тасқынның алдын алу шаралары 2020-2023 жылдары қабылданған Жол картасы аясында толық жүргізілді. Атап айтқанда, 27 учаскеде су өткізу құрылыстары салынды. Жазғы-күзгі кезеңде өзендер мен арықтардың арнасы тазартылып, бөгеттер нығайтылды.

– Су қоймаларында сең жүре бастады, бірақ кейбір айындар әлі де қатып жатыр. Су деңгейі қауіпті белгіден төмен. Өзендерде профилактикалық іс-шара шеңберінде жарылыс жұмыстары ұйымдастырылып, беткейлерден 202 мың текше метр қар түсірілді. Өзіңіз атап өткендей, ауа райы болжамы көңіл көншітпейді. Өңірде күн жылына түседі деп күтілуде. Яғни су тасқыны қаупі артады деген сөз. Сондықтан қосымша материалдар дайындалды. Көлік жолдарының бойындағы шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстары тазартылды, – деді ШҚО әкімі.

Облыс басшысы қазіргі уақытта аймақтағы ахуал тұрақты екенін жеткізді. Өңірде көлік қозғалысы бірқалыпты, тоқтап тұрған жоқ. Таулы аудандарда түнде қауіпсіздік мақсатында кейбір көлік жолдары жабылады.

– Өңірдегі 132 гидротехникалық құрылыстың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бөгеттерде су деңгейі төмен, – деді Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы әкімдік барлық қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын және жағдай толық бақылауда екенін жеткізді.

Суреттер: akorda.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу