ШҚО-да тасқынға дайындық жұмыстары 93 пайыз орындалды
ШҚО-да көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары 93 пайызға орындалды. Дегенмен арқаны кеңге салып, алаңсыз отыратын кез емес қазір. Өңірдің таулы аймақтарында әлі де болса қар қалың. Ауа райы да құбылып тұр. Сондықтан жергілікті атқарушы билік өкілдері мен құзырлы орындар жағдайды жіті бақылауда ұстап, алдын алу шараларын мүлтіксіз жүргізуі қажет.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев су тасқынына дайындық және дала өртінің алдын алу мәселелері талқыланған жиында осылай деді. Сонымен қатар аймақ басшысы биыл жіберілген кемшіліктер келер маусымда ескеріліп, қауіпті кезеңге дайындықты қазірден бастауды тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс өңірінде қауіпті кезең мамыр айына дейін жалғасатынын айта кету керек.
Қар жамылғысы қалың, су көздері мол аймақтың бірі – Риддер. Батыс Алтайдың қойнауындағы кенді шаһарда өзен-сулардың арнасын кеңейту, арықтарды тазалау, қар күреу жұмыстары уақтылы атқарылып жатыр.
Риддар қаласының әкімі Дәулет Батырбаев тасқынның алдын алу шаралары жоспарланған кестеге сай жүргізіліп жатқанын және бұл өлкеде қар сәуір айынан бастап еріп, маусымға дейін созылатынын жеткізді.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерғали Бахаевтың мәліметінше, қазір облыста жалпы сыйымдылығы 17 мың адамға шақталған уақытша орналастыру пункті, 121 мотопомпа, сондай-ақ жеткілікті құрамда арнайы техникалар мен құрылғылар, инертті материалдар дайындалған. Ал Алтай, Күршім аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖМ әскери бөлімнің қызметкерлері жәрдем көрсететін болады.
Жиын барысында сондай-ақ жазғы маусымда болатын дала өрті кезеңінде дайындық жұмыстары пысықталды.