KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
441.66 475.14 4.86

Өскемендегі өлкетану мұражайында қола дәуірінің айналары сақтаулы

3.04.2024, 19:30 878 Ержан Әбіш

Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде қола дәуіріне тиесілі көне айналар сақтаулы тұр. Үш мың жыл бұрын жасалған ол заттардың нақты не мақсатта қолданылғаны әзірге жұмбақ күйінде қалуда.

Бұл жәдігерлер осыдан алты жыл бұрын белгілі археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Елеке сазы қорымында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған болатын. Жалпы, аталған алқапта біздің заманымызға дейінгі кезеңге жататын жүздеген қорған бар, сондай-ақ арасында сол кездің ақсүйектеріне тиесілі обалар да кездеседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталмыш қорғандардан археологтар алтын әшекей бұйымдармен қатар, қоладан жасалған үш айнаны тапқан.

– Қоладан тұтас құйылған кішкене домалақ айналардың диаметрлері әртүрлі, ең кішкенесі алты сантиметрден асады, саптары жоқ. Байырғы көшпенді тайпаларда әйел адамның жеке гигиенасына қатысты заттың болуы сол заманда-ақ нәзік жандылардың әсемдікке құштар болғанын аңғартып  тұрғандай. Ғалымдардың пайымынша, бұл айналар ғұрыптық зат болуы да ықтимал, бәлкім белгілі бір құлшылық ету немесе сиқыр жасау үшін қолданылған. Қалай десек те, көне айналардың өзіндік құпиясы бары анық, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі Альфия Бақбаева.

Қазіргі кезде қазақ жеріндегі өркениеттің тарихын бірнеше ғасырларға тереңдете түскен айналар ғалымдар тарапынан түбегейлі зерттелу үстінде.

Фото: ШҚО тарихи-өлкетану музейі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив