Шығыс Қазақстанмен байланысты аңыз-әпсаналарға арналған интернет-портал ашылды
Оның мақсаты – шығыс өңірі жайлы халық арасында сақталған аңыз-әңгімелерді жинақтау, сақтау және дәріптеу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеше А.С. Пушкин атындағы облыстық кітанханада интернет-порталының тұсаукесері мен жасанды интеллекттің көмегімен «жандандырылған» өлкеміздің аңыз-әңгімелеріне негізделген суреттер көрмесінің ашылуы өтті.
Аңыз-әпсаналар түрлі дереккөздерден жиналып, аударылып, https://anyz.pushkinlibrary.kz порталына орналастырылды. Порталдағы барлық материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған.
Осы орайда айта кеткен жөн, кез келген оқырман порталға өз туындысын жариялай алады. Мәселен, қандай да бір аңыз желісімен сурет салу, Шығыс Қазақстанның әсем жерлеріне жасаған саяхат әсерлерімен бөлісу, облысымыздағы қызықты жерлермен байланысты авторлық аңыз жазуға болады.
Интернет-порталдың тұсаукесерінде осы аңыз-әпсаналар желісімен жергілікті суретшілер және олардың шәкірттері салған суреттер көрмесі өтті.
Республика және бүкіл әлем көлемінде ішкі және сыртқы туризмге деген қызығушылық артқан уақытта аталған ресурсқа шексіз қолжетімдікті қамтамасыз ету маңызды. Портал бейімді дизайнға ие, материал экранның ені мен биіктігіне икемді түрде бейімделеді және компьютерде, планшетте, смартфонда да жақсы көрінеді. Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналарын бір жерге жинақтаған интернет-портал ежелгі ақиқат пен заманауи технологияны, ұрпақ сабақтастығы мен жаңа идеяларды біріктіре отырып, киелі де таңғажайып өлкемізбен жақын танысуға жетелейді.