ШҚО шаруалары егіс науқанына кірісті
Оңтүстік өңірлерінен кейін Шығыс Қазақстан облысының шаруалары егіс науқанына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл ШҚО-да 1,3 млн гектар жерге егіс егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық.
«Жаздық егіс көлемі 1 млн 98 мың гектарға жетеді. Өңірде негізі дәнді, дәнді-бұршақты дақылдарды – 559,3 мың (жалпы алаңның 41%) және майлы дақылдар 481 мың гектарға (35,1%) егіледі. Майлы дақылдардың үлесінде дәстүрлі күнбағыс басым, оның көлемі – 445 мың гектардан асады. Бұдан басқа, егіс алқабының 292 мың гектарына жем-шөп егіледі. Сондай-ақ, 19 мың гектарға картоп, 16 мың гектарға көкөніс пен бақша салынады. Бұл ШҚО-дағы барлық егіс алқабының 2,5%», делінген хабарламада.
Көктемгі егіс жұмысына 16,6 мың трактор, 5 мыңнан астам жүк көлігі, 93 егіс кешені, 11 мыңнан астам тұқым сепкіш, соқа мен культиватор жұмылдырылады. Тракторлардың 98%, қалған техника 100% әзір.
«Көктемгі егіс жұмысына 2,5 мыңнан астам ірі және орта шаруашылық жұмылдырылған. Егіс жұмыстарын жүргізу үшін Павлодар МХЗ-дан 30 мың тонна дизель отыны бөлінді. Наурыз айына 8 мың тонна, сәуір айына 9 мың тонна, мамыр айына 8 мың тонна, маусым айына 5 мың тонна белгіленді. Қала мен аудан әкімдіктерімен оларды жеткізу жөніндегі операторлар анықталды. Биыл облыстық бюджеттен субсидия түрінде 5,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға – 2,7 млрд теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 1,7 млрд теңге, пестицидтерді арзандатуға – 1,4 млрд теңге қарастырылған», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы егіс науқанын қосымша қаржыландыру үшін фермерлерге 2,4 млрд теңгеден астам төмен пайызды несие берілген.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында егіс алқаптарын өңдеу және ылғалды жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үржар, Зайсан және Тарбағатай аудандарында қазірдің өзінде дәнді дақылдар егілді.