ШҚУ солтүстіктен келген студентіне қолдау көрсетті
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы әр студенттің жеке басына, отбасына түскен қиындыққа бейжай қарамайды. Күрделі жағдайға тап болған білім алушыға қол ұшын созуға қашанда даяр.
Оқу орнының қызметкерлері солтүстікқазақстандық студентке жәрдемдесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Университеттің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, студент бойжеткеннің үйіне тасқын су залал келтірген. Бұл жағдайды естіген білім ордасының ұжымы дереу қаржылай қолдау көрсету туралы шешім қабылдаған..
Үміт Жұмағұл – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екінші курс студенті. Петропавловск қаласының тумасы. ЖОО ректорының гранты бойынша білім алуда. Студенттің ата-анасының үйін толықтай су басып кеткен.
Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен студенттің отбасына көмек көрсету туралы шешім қабылданып, ЖОО басшылығы мен ұжымы ақшалай көмек жинады.
Үміт Жұмағұлдың айтуынша, қазір оның отбасы қауіпсіз жерде. Үнемі байланыста.
Естеріңізге сала кетейік, С. Аманжолов атындағы ШҚУ бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелткен болатын. Оған қоса қызметкерлердің бір күндік жалақылары аударылған.