Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде «Таза Қазақстан» акциясы өтуде. Осы орайда С.Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы мен студенттері де игі іс-шарадан қалыс қалмай, сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Университеттің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жоғары оқу орнының ұжымы университет ауласы мен айналасын тазалауға белсене атсалысты.
«Игілікті шараға курстастарыммен бірге ат салысудамыз. Ауа-райы да тамаша болып тұр. Сүйікті университетіміздің айналасын таза ұстау қажет деп ойлаймын. Барша қала тұрғындарын қоршаған ортамызды таза ұстауға шақырамын», – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Мөлдір Нұрланқызы.
Сондай-ақ, сенбілік ұйымдастырылып жатқан оқу орнына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар ат басын бұрып, университет ұжымының әрдайым белсенді екендігін атап өтті.
«Қандай жағдай болмасын С.Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы барлық шараға үнемі белсене қатысады. Студенттер мен оқытушылардың сенбілікке көтеріңкі көңіл-күймен қатысып, қаламыздың көркеюіне атсалысып жатқанын байқадым. Туған өлкемізді аялаудың ең бір көрнекті түрі - тазалыққа ұмтылу. Сондықтан қоғам болып осы мәдениетті қалыптастыруымыз керек, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Қолына күрек ұстағандар қатарында төрт жоғары мектеп пен жоғары колледждің студенттерімен қатар оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы да болды.
Олар жұдырықтай жұмылып, университеттің айналасын мұнтаздай етіп тазалап, ізгілікті іс атқарды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барша әріптестеріммен және студенттеріммен қоғамды таза ұстау, Президент бастамасын қолдау мақсатында сенбілікке шықтық. Тазалық бар жерде береке бар. Жалпы университетте табиғатты аялау, қоғамды таза ұстау мақсатында мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады, – дейді жоғары колледждің оқытушысы Мөлдір Мәңкей.