ШҚО мен Бакнинь провинциясы бауырлас аймақтарға айналады
Шығыс Қазақстан облысы мен Въетнам елінің арасында алыс-беріс артып, барыс-келіс жиілей түспек. Әсіресе, туризм, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы байланысты нығайту екі жаққа да тиімді. Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың Въетнам Социалистік Республикасы өкілдерімен болған кездесуінде айтылды.
Въетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Фам Тхай Ньы Май ханым бастаған Бакнинь провинциясының делегаттары біздің өңірге тұңғыш рет келіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы кейінгі жылдары Вьетнам мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында тың серпіліс байқалатынын, сондай-ақ халықаралық аренада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Ал Қазақстандағы түсті металлургияның орталығы саналатын Шығыс өңірі алпауыт өндірістік кәсіпорындарымен ғана емес, алға басқан ауыл шаруашылығымен де, тамаша табиғатын табысқа айналдырар туристік әлеуетімен де алыс-жақын шетелдерге жақсы таныс. Мәселен, «Өскемен Титан-магний комбинатында» өндірілген титан шикізаты әлемдік нарықта, оның ішінде аэроғарыш саласында жоғары сұранысқа ие екенін айта кету керек. Ал күнбағыс өсімдігін өсіру және өңдеу бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Сол сияқты бал өндіруден де көш бастайды. Еліміздегі өндірілетін балдың 70 пайызы Кенді Алтайда жиналады.
Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Фам Тхай Ньы Май меймандос Шығыс жұртының көңіліне ризашылығын білдіріп, екі тараптың арасындағы достық қарым-қатынас одан әрі беки түсетініне сенім білдірді.
Кездесу соңында екі тарап іскерлік, сауда-экономикалық, индустриялық-инновациялық, инвестициялық байланыстарды одан ары нығайтуға уағдаласты.
Фото: Данияра Сагидолдин