«AI-Sana» бағдарламасы: 100 мың студент ЖИ алгоритмдерін меңгеретін болады
Ұлттық құрылтай аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Жиынға бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында ғылым мен жоғары білімді дамыту бағыттары, инфрақұрылымды жетілдіру, жасанды интеллект саласындағы жаңашыл бастамалар мен алдағы мақсаттар кеңінен сөз болды.
Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде кеңейтілген жасанды интеллектті оқытудың екінші кезеңі басталып, 100 мың студентті қамту жоспарлануда. Сонымен қатар бұл бағытта профессор-оқытушылар құрамының да біліктілігін арттыру маңызды. Осы мақсатта оқытушыларға арналған арнайы оқу семинарлары мен бағдарламалар ұйымдастырылмақ.
Министр бағдарламаны іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 жоғары оқу орны іріктелгенін атап өтті. Олар қажетті инфрақұрылымның, жасанды интеллектке қатысты білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестер мен есептеу қуаттарының болуына қарай таңдалған. Аталған ЖОО-лар өз өңірлерінде және көршілес облыстарда AI-Sana бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты болады.
Жиында жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті күшейту, шетелдік филиалдарды дамыту және заманауи зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Министр бұл қадамдардың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруге бағытталғанын айтты.