Отандық ғалымдар жасанды бояғыштар мен хош иістендіргіштерсіз табиғи сүт әзірлеу технологиясын ұсынды
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) ғалымдары сүт өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған жаңа отандық технологияны әзірлеуде. Жоба импорттық ингредиенттерге тәуелділікті азайтуға, ішкі қайта өңдеуді дамытуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғалымдар құрылымдалған сүт өнімдерін өндіруде табиғи криопорошоктарды қолданудың тың тәсілін ұсынып отыр. Криопорошоктар – қазақстандық шикізаттан сублимациялық кептіру әдісі арқылы алынатын биологиялық белсенді заттардың концентраттары. Олар жасанды бояғыштар мен хош иістендіргіштерді пайдаланбай-ақ өнімнің табиғи түсі мен дәмін сақтауға мүмкіндік береді.
Эксперименттік зерттеулер мен технологиялық сынақтар ҰАҒБО-ның еншілес ұйымы – «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты» ЖШС базасында жүргізілуде. Әзірлеме функционалдық, яғни, нақты тағамдық құндылығы бар сүт өнімдерін шығаруға бағытталған. Криопорошоктар өнімді В тобы дәрумендерімен, Е дәруменімен және бета-каротинмен байытып, жұмсақ өңдеу арқылы пайдалы компоненттердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Отандық шикізат пен өз технологияларын пайдалану импорттық қоспаларға тәуелділікті төмендетіп, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, бұл технология Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр.
Жоба қазір қорытынды кезеңге жетті. Келесі жылы оны нарыққа шығару жоспарланып, сүт өнімдерін өнеркәсіптік көлемде өндіруге және сала кәсіпорындарында кеңінен қолдануға мүмкіндік бермек.