Шығыс Қазақстанда даярланатын мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміз бойынша өткізген білім беру бағдарламалары рейтингісінің қорытындысы жарияланып, өңірдің жетекші университеті үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Аталған рейтинг білім беру бағдарламаларының сапасы мен тиімділігін, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын, мансаптық өсу мүмкіндіктерін, жұмысқа орналасу деңгейі мен еңбекке орналасуға кететін уақытты кешенді түрде бағалайды. Бұл көрсеткіштер жоғары оқу орындарының нақты білім беру әлеуетін айқындайды.
Биылғы ұлттық рейтингке С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінен 38 білім беру бағдарламасы қатысып, оның 27-сі ТОП-10 қатарына енді. Ал 8 білім беру бағдарламасы еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының арасында ТОП-3 орынды иеленіп, университеттің академиялық деңгейін айқындады.
Атап айтқанда, Кәсіптік оқыту, Көркем еңбек және графика, Биология (IP), Қазақ тілі мен әдебиеті, Орман ресурстары, аңшылықтану және ара шаруашылығы мамандықтары үздік атанды. Сонымен қатар Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі және Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы (салалар бойынша) білім беру бағдарламалары екінші орынға тұрақтады. Ал Математика–информатика және География білім беру бағдарламалары үшінші орынды иеленіп, өз бағыттары бойынша жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.