KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
506.7 593.14 6.53

Зауыт жастарына есірткі саудасынан аулақ жүрудің жолдары түсіндірілді

Кеше, 10:30 160 Даурен Аллабергенұлы

«Заң және жастар» тұжырымдамасы аясында Үлбі металлургиялық зауытының қызметкерлерімен арнайы диалог алаңы ұйымдастырылып, қазіргі қоғамдағы, әсіресе, жастар арасындағы заңбұзушылық түрлеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Диалог алаңына өңірдегі Полиция департаментінің, экономикалық тергеу қызметінің, облыстық прокуратураның өкілдері спикер ретінде қатысып, еңбек жолын енді бастаған жастардың оңай ақшаға құнығып,  абайсызда есірткі тасымалдаушылардың құрығына ілікпеуін, жас өмірлерін темір тордың арғы жағында өксікпен өткізбеулерін түсіндірді.
Кездесу еркін форматта, сұрақ-жауап түрінде жалғасып, зауыт қызметкерлері өз ой-пікірлерін еркін жеткізе алды.

– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу, жол бермеу. Былтыр облыста 600-ден астам осындай шара өткізілді. Оның ішінде ашық диалог алаңдары, спорттық жарыстар, акциялар, дәрістер, рейдтік шаралар бар, – деді Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Мәди Қалиакпаров.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда өкінішке орай, есірткі қылмысына тартылған жастардың саны жыл сайын артып келеді. Басты себебі, оңай жолмен тезірек мол ақша табу. Ал оның тағдырына, туған-туыстарына келтіретін зардабын ойлап та жатпайды. Бұған мысал ретінде жақында ғана Өскемен көшелерінде жасырын түрде есірткі таратып жүріп ұсталған 20 жасар бойжеткеннің тағдырын айтуға болады.

– Еліміз бойынша статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, есірткі тарату фактісі бойынша қылмыстық жазаға тартылып жатқан 16 жасар азаматтар бар, ал негізгі орташа көрсеткішті алсақ, 25-30 жас аралығын қамтиды. Есірткі қылмысымен қолға түскендерге заң аясында еш аяушылық жоқ. Жеті жылдан бастап, одан да жоғары мерзімдерге бас бостандығынан айырылады. Темір тордан кейінгі өмірінің қалай жалғасары да белгісіз. Жастарды сол себепті де алдын ала сақтандырып жатырмыз, өйткені ертең бәрі де кеш болады, – деді Мәди Маратұлы.

Сондай-ақ, цифрлық қауіпсіздік және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтудағы жас ұрпақтың рөліне ерекше назар аударылды.

Спикерлер өмірлік тәжірибеден нақты мысалдар келтіріп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері туралы әңгімелеп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

– Заңды толық білетін жастар әрқашан өз-өзіне сенімді әрі жауапты болады және бейтаныс адамдардың айтқандарына бірден сеніп, еріп кетпейді. Мұндай кездесулер жастар мен қоғам арасындағы ашық қарым-қатынасты нығайтып, құқықтық мәдениетті арттыра түседі, – деді «Үлбі металлургия зауыты» АҚ бериллий өндірісінің инженер-технологы Олжас Райымханов.

Жастар көтерілген мәселелерді талқылау барысында жоғары белсенділік танытып, өзара іс-қимылды жақсарту жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.





Фото/видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу